25 сәуір күні Қос-Истек ауылдық кітапханасында Қазақ батыры - Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай "Амангелді батырым!" атты ақпараттық-дайджест өтті. Іс - шараның мақсаты: Қазақ батыры Амангелді Имановтың өмірбаянымен танысу, патриотизмге, тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеу, оқушыларды 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың өмірі және қызметімен таныстыру. Аталған іс-шара барысында Қос-Истек орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары -Құлынтаева Наурызгүл Елдесбайқызы батырдың өмірбаянына тоқталып, оның ерлік істері туралы айтып берді. - Амангелді өз заманында қазақтың ен даласында халық бостандығын жалау еткен батырлардың бірі де бірегейі бола білген. Ол қылышынан қан тамған Қызыл империяның отаршылдық режимінің қарсыласы ретінде танымал болды. Әйгілі 1916 жылы орын алған Ұлт - азаттық көтерілістің белсенді ұйымдастырушысы әрі басшысы ретінде кейінгі ұрпаққа танымал тұлға. Батыр қазақ сарбаздары арасынан темірдей тәртіппен шыныққан нағыз ер жүрек те, батыл жауынгерлерден құралған атты жасақ құрады. Амангелді батырдың халқымызда кең етек жайған әлеуметтік теңсіздікпен күресі оның бозбала шағынан бастау алған болатын. "Байқоңыр" көмір кенінде темір ұстасы болған жылдары орыс ұлты өкілдерімен арадағы келіспеушіліктердің куәсі болады. Өз жерінде жүріп өзге ұлттың озбырлығына деген өшпенділік оны қайтпас қайсарлыққа тәрбиелейді. Ұстаз сөз соңында халқымызға танымал ақын - жазушылардың А. Иманов туралы көптеген ән, жыр жинақтарын, әдебиет пен өнер туындыларын жасағанын атап өтті. Солардың бірі - қазақ халқының ұлы суретшісі Әбілхан Қастеев қылқаламынан туындаған ерекше шығарма "Амангелді сарбаздарын" шараға қатысушы жасөспірімдер аса қызығушылықпен тамашалады.









