Степной ауылдық модельді кітапханасында Қазақстандағы жалпы республикалық «Kitap time – 2025» кітап фестивалі аясында «QR-Kitap time» атты оқуға арналған креативті оқу марафоны ұйымдастырылды. Марафонның басты мақсаты – жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып оқу мәдениетін жаңа қырынан насихаттау. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру; кітапханаға деген сүйіспеншілігін арттыру, шығармашылыққа баулу, достық пен ынтымаққа толы орта қалыптастыру көзделді. Шара барысында балалар арнайы дайындалған көбелек бейнесіндегі QR-кодтарды іздеп тауып, оларды смартфон арқылы сканерледі. Әрбір QR-код қызықты әрі мазмұнды кітаптарға апарар цифрлық жолдама қызметін атқарды. QR-сілтемелер арқылы балалар сол кітаптар туралы ақпарат алып, оқуға ынтасын арттырды. Мұндай ойын мен оқуды ұштастырған интерактивті формат балалардың ерекше қызығушылығын тудырып, оларды шығармашылық ойлауға, ізденуге шабыттандырды.









