Биыл, қазақтың батыр қыздарының бірі, қайсар және ержүрек  тұлғалар тізімінен орын тапқан Шығыс шынары Мәншүк Мәметованың  туылғанына 95 жыл. Осыған  орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  Қарғалы аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 2017 жылғы 12 қазанда «Мәншүк – Отан қызы» ерлік сағаты өткізілді.

 

Кітапханашылар Жанна Мусина, Гүлмира Бисембаевалар оқырмандарды  Мәншүк Мәметованың өмірбаянымен, ерлік істерімен таныстырып, қазақтың батыр қызының ерлігіне оқырмандардың қызығушылығын тудырып, елді жаудан қорғаған, елі үшін ерлік көрсеткен батыр қызды құрметтеуге, жасаған ерліктерін ұмытпауға шақырды. Шара барысында №2 Бадамша орта мектебінің 6 «ә», 5 «б» сынып оқушылары Бисембаева Дильназ, Батрханова Алина және Қарасаева Үлби Мәншүк Мәметоваға арналған өлең жолдарын оқып берді. Кітапханашылар  «Мәншүк – қаһарман қазақ қызы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Осы көрмеге қойылған Мәриям Хакімжанованың шығармалар кітабына кеңірек тоқталып,  батыр қызымызға арналған  «Мәншүгім-мақтанышым»: «Мәншүктін ізімен» (күнделік) , «Мәншүк Мәметова» (деректі повесть), «Мәншүк», «Отан қызы», «Фин қызы» поэмаларынан үзінді жолдары оқылды. Шараның әсерлі сәттерінің бірі – кітапханашылардың оқырмандар арасында Мәншүк Мәметова жайлы өткізген сауалнамасы болды. Сауалнама барысында кішкентай, зерек  оқырмандар, сұрақтарға дұрыс жауап беріп қана қоймай, өздерінің батыр қыз жайлы пікірлерімен де бөлісті.  Шараны өткізудегі алға қойған мақсат орындалып, шара қызықты өтті.

Қарғалы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:  Ж.Мусина